Алматыда TEDxKIMEP белсенді Жанар Секербаеваны спикерлер қатарынан алып тастады

Жанар Секербаева

Feminita қозғалысының белсендісі Жанар Секербаева Алматыдағы KIMEP университеті жанындағы TEDx шарасының спикерлері қатарынан алынып тасталды.

Ол Азаттық Азияға бастапқыда өзін шараның спикерлер қатарына қосқанын, афишасын да жарнамалағанын, бірақ ізінше бағдарламаға оны енгізбегені жөнінде кешірім сұраған хат келгенін айтады.

"Әуелі олардың өтінішімен өзім айтатын сөзімді жібердім. Оны біраз түзеді. Олар "өз тәжірибеңізді айтсаңыз болады, бірақ саяси белсенділікті мадақтап, саясатқа баруға шақырмау керектігін" ескертті. Мен келістім. Бірақ бүгін (26 қараша) TEDx KIMEP президентінен хат келді. Онда менің сөзім бағдарламаға енгізілуі мүмкін еместігі жазылған. Өз басым менің сөзімнен қорқынышты ештеңе көріп тұрған жоқпын. Оның үстіне әлемде "гендерлік күш көрсетуге қарсы 16 күндік" кампания өтіп жатыр" деді Секербаева.

Оның сөзінше, деканат Секербаева таңдаған тақырып "қазіргі кезде университет саясатының шектеуіне ұшырайтын мәселені қозғайтынын және сол себепті КИМЭП аумағында өткізілетін шара кезінде айтылуы мүмкін емес" деп ресми түрде хабарлаған.

Белсенді өзін спикерлер қатарынан алып тастауға биліктің қатысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

"TEDx президенті оларға әкімдіктен хабарласып, маған сөз бермеуді өтінгенін айтты" деді Секербаева.

Белсенді сонымен бірге шараның басталуына бірнеше сағат қалғанда ғана өзін шарадан шеттеткеніне назалы.

Азаттық Азия оқу орнының өкіліне хабарласып көрді. Маркетинг, коммуникация және PR бөлімінің директоры Мариза Сугралиеваның сөзінше, "шараны ұйымдастыру кезінде бірқатар қателік жіберілген".

"TEDxKIMEP бағдаламасының соңғы нұсқасын мақұлдату кезінде оны университеттің регламентініне сәйкестендіру қажеттігі жөнінде шешім қабылданды. Нәтижесінде аталған спикердің сөзі қорытынды бағдарламаға енгізілген жоқ. Мемлекеттік органдар немесе өзге де сырт жақтан ықпал етті деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деп жазылған Сугралиеваның жауабында.

Ол Секербаеваның сөзі не себепті бағдарламаға енгізілгенін нақтыламады.

Жанар Секербаева — әйел және ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғап жүрген Feminita бастамасының негізін қалаушылардың бірі. Секербаева өзінің қызметіне байланысты жиі қудаланып, ұсталып жүр. Өткен аптада полиция Астанада бірнеше белсендіні ұстап босатқан еді.

Мұндай оқиға елде ЛГБТ насихатына тыйым салуды қарастыратын даулы түзетулерді парламенттің төменгі палатасы қабылдап, сенатқа жолдаған шақта болып отыр. Сенат қабылдаса, президент қол қояды. Жоба авторларының түсіндіруінше, аталған түзетулер "ЛГБТ өкілдеріне қарсы бағытталмаған", "оларды насихаттауға" ғана тыйым салады.

Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан парламентін түзетулерден бас тартуға шақырған еді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТИК+ өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін.