Эпштейннің хатында Әлиев пен Назарбаевтың есімдері де аталады

Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейннің даулы ісіне қатысты ішкі құжаттардың арасында Қазақстанның бірінші президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевке қатысты мәліметтер табылды.

Құжат Рахат Әлиевтің сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен ұзақ жылғы текетіресінен хабар береді.

Хатқа қарағанда, Рахат Әлиев "түрлі амалдармен АҚШ-та паналауды мақсат еткен" және "бизнесі тәркіленгеннен кейін" жоғалтқан 2 млрд доллар қаражатты қайтару талпынысында Вашингтонның көмегіне жүгінгісі келген. Ол Вашингтоннан қолдау табу арқылы Назарбаевты ыңғайсыз жағдайда қалдырғысы келген.

"Қазақстан басшыcы америкалықтардың бұл дауға араласпайтындығына сенімді болғысы келді және оның үкіметіне әсер етуіне жол бермейді. Обама әкімшілігі дәл солай жасады. Өзінің құпия дипломатиялық хабарламаларында Қазақстандағы бұрынғы елші ол бұл дауға араласуға аса сақтықпен қарайтындығын айқын білдірді" деп жазды Эпштейн.

Хаттың мазмұнына қарағанда, АҚШ билігі, Назарбаев қалағандай, оның Әлиевпен дауына араласуға құлық танытпаған. Ал Еуропада жасырынып жүрген Әлиев өзіне "жалған айыптар" тағылғанын айтқан. Ол Конгрестің назарын аударту үшін және Назарбаев режимінің беделін төмендету мақсатында америкалық лоббистерді де жалдаған.

Қазақстанда ұзақ жылдар бойы лауазымды қызметтер атқарып, Назарбаевпен даудан кейін шетелге қашып кеткен экс-президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев 2015 жылы жұмбақ жағдайда Австрия түрмесінде өлі күйде табылған. Австрия билігі оның суицидтен қайтыс болғанын мәлімдеді. Бірақ Әлиевтің екінші әйелі жалдаған адвокаттар кісі өлтіру болуы мүмкін дейді.

Кәмелетке толмағандарға жыныстық қылмыс жасады деген айыппен сотталып, жаңа сот процесі болатынын күтіп түрмеде жатқан америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн 2019 жылы көз жұмған. Билік ол өзіне қол салған деп хабарлаған еді. АҚШ-та оның есімі демократтар мен республикашылдар арасындағы қызу тартыстың өзегіне айналды.

Бұған дейін оған қатысты жарияланып кеткен материалдарда қазақстандық саясаткер Қайрат Келімбетовтің де есімі аталған. Құжаттардың бірінде Эпштейннің үйіне таңғы асқа бірнеше адам келгені, арасында Израильдің бұрынғы премьері Эхуд Барак, АҚШ әкімшілігінің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерімен қатар Қазақстан ұлттық банктің бұрынғы жетекшісі Қайрат Келімбетов те келгені жазылған.

Келімбетовпен нақты қандай мәселе талқыланғаны құжатта айтылмайды. Алайда жалпы алғанда кездесу барысында халықаралық нарық, геосаясат, жоғары технология және ғаламдық трендтер талқыланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Әлиев-Назарбаев тартысы аяқталған жылРахат Әлиев ісі бойынша күдіктінің бірі сырттай қамауға алындыПарламенттегі соңғы оппозиция. Төлен Тоқтасынов, Рахат ӘлиевMalta Today: Сот мальталық заңгерді Рахат Әлиевтің әйеліне €300 мың өтемақы төлеуге міндеттедіАйсұлтан Назарбаевтың өлімі автократтың әлсіздігін көрсетті ме?