Путиннің Қырғызстанға мемлекеттік сапары кезінде бірнеше құжатқа қол қойылды

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин 26 қараша 2025 жыл.

26 қарашада Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөзі нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды.

Арасында одақтастық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме де бар. Бішкектегі президент әкімшілігінің «Ынтымақ Орда» ғимаратындағы келіссөз кезінде білім беру, денсаулық сақтау, көші-қон, қауіпсіздік, экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастық салаларындағы құжаттарға да қол қойылды. Бұған Қырғызстан министрлер кабинеті мен Ресей үкіметі арасындағы екі елдің ішкі істер және көші-қон мәселелері бойынша құзыретті органдары өкілдіктерінің құқықтық мәртебесі туралы келісім де кіреді.

Ресей басшысы Владимир Путин Қырғызстанға 25 қарашада мемлекеттік сапармен келген. Оны Манас халықаралық әуежайында президент Садыр Жапаров ресми рәсіммен қарсы алған.

Кездесу барысында Ресейдегі қырғыз мигранттарының қазіргі жағдайы, олар кездесетін қиындықтар мен осы салада қабылданған шешімдер талқыланды ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Соңғы жылдары Ресей көші-қон заңнамасын қатайтып, жаңа ережелер мен талаптарды енгізіп келеді. Жыл басынан бері мигранттар арасында 200 000-нан астам рейд жүргізіліп, 160 000-нан астам шетел азаматының елге кіруіне тыйым салынған. Мұндай деректі Ресей ІІМ сүйенген Fontanka.ru сайты жазды.

DumaBingo жобасы Ресей парламентінің 2021 жылдан бері мигранттарға қарсы барлығы 73 заң жобасын қарағанын жазды. Құжаттардың жартысынан көбі Мәскеудегі Крокус-Ситидегі қанды оқиғадан кейін мемлекеттік думаға келіп түскен. Қанды оқиғадан кемінде 145 адам қаза болды. Ресей билігі шабуылға күдіктілер ретінде Тәжікстан азаматтарын атаған. Содан бері Мәскеу мигранттарға қатысты ережелерді күшейтіп, оларға қарсы бірқатар заңдар қабылдап келеді.

Қырғызстанның Ресейдегі елшісінің дерегінше, Ресейде 377 мың қырғыз азаматы көші-қон басқармасына тіркелген, елде барлығы 612 мың қырғыз азаматы бар.

Путиннің сапары 27 қарашаға дейін жалғасады. Ертең Бішкекте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті де өтеді. Оған Ресейден бөлек, Қазақстан, Тәжікстан, Ресей және Беларусь мүше. Армения 2024 жылдан бері мүшелігін уақытша тоқтатқан, алайда ұйымнан ресми түрде шықпады.

ҰҚШҰ жиынына қатысу үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Бішкекке барады. Ресми БАҚ-тың жазуынша, бейсенбі күні ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында “қауіпсіздік мәселелер бойынша ортақ ұстанымды көрсететін” декларация қабылданбақ. Бұған қоса, ҰҚШҰ бас хатшысынан үміткерлер қаралады. Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі ҰҚШҰ бас хатшысы қызметіне осыған дейін орынбасар қызметін атқарған Талатбек Масадықов келетінін, оның кандидатурасы тараптар арасында “мақұлданғанын” айтқан еді. Ол 2023 жылдан бері осы қызметті атқарған 68 жастағы қазақстандық саясаткер Иманғали Тасмағамбетовті алмастырады.