Талдықорғанда Айзат Жұманованың қазасы бойынша сот басталды

Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Талдықорғанда "әйелін өлтірді" деп айыпталған тұрғын Жанболат Айбардың соты басталды. Ақпаратқа қарағанда, әу баста іс "абайсызда адам өліміне әкелген" оқиға ретінде тіркелген, ізінше туыстары эксгумация және қосымша сараптама жасатқаннан кейін іс "адам өлтіру" бабы бойынша қарастырыла бастаған. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – 15 жыл түрме жазасы.

Тергеу болжамынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық бір рет емес, жүйелі түрде жасалған.

Прокурордың айыптау актісіне сүйенген Orda-ның жазуынша, қылмыс болатын күні айыпталушы "бірнеше бөтелке сыра ішіп, әйелінің біреумен телефон арқылы сөйлескені есіне түсіп, бойын қызғаныш кернеп" оны өлтірмек болған. Әйел адам жан ұшырып көмек сұрап, айқайласа да, жолдасы ұра берген.

"Ол оны басынан және маңызды ағза мүшелерінен ұрған, әйел адамнан тіршілік белгісі сезілмесе де, жедел жәрдем көлігін шақырмаған. Қылмысын жасыру үшін ол оның мүлде есінен тануын күткен. Содан кейін ауруханаға апарған" деді айыптау актісін оқыған прокурор.

Дәрігерлер әйелді құтқаруға күш салғанмен жарты сағаттан кейін көз жұмған.

Ал марқұмның әпкесі Раушан Дәуренбекова Айзат Жұманованың денесіндегі жарақаттарды көріп, қатты шошығанын айтады.

"Мәйітханаға келген кезде ол жақта оның енесі сол жерде отырды. Марқұмның денесіндегі жарақаттарды көріп "оны атқа байлап сүйрегенсіңдер ме? Денесіне не болған?" деп айқайладым. Өйткені оның денесіндегі, басындағы жараны, сыдырылған жерлерін, шашына жабысқан шөптер мен қоқыстар соны көрсеткендей" деді ол.

Ерлі-зайыптының екі жасар кішкентай қызы бар. Қазір ол әпкесінің қолында.

Жәбірленуші жақтың айтуынша, айыпталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.

Сот ашық өтіп жатыр. Істі судья Әділет Бақытов жүргізіп жатыр. Келесі сот отырысы 5 желтоқсанда өтеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық және фемицид Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанда өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ресми мәлімет бойынша, 18-49 жастағы әрбір алтыншы қазақстандық өмірінде бір рет физикалық немесе жыныстық күш көрсетуге ұшыраған.

Қарағанды медицина университетінің зерттеуіне қарағанда, Қазақстанда көп жағдайда әйелдердің басым бөлігіне өзінің серігі күш көрсетеді, 12 пайыз жағдайда ғана өзге адамдар озбырлық жасайды.

Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы елде әйел адамды өлтіру фактісі бойынша 137 іс тіркелген. "Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша - 191, "Орта дәрежеде зақым келтіру" бойынша 594 іс қозғалған. 198 әйел өзіне қол жұмсаған.