ҰҚШҰ-ның бас хатшысы қызметіне Қырғызстан өкілі келеді

Талатбек Масадықов

Келесі жылдан бастап ҰҚШҰ-ның бас хатшысы қызметін Қырғызстанның өкілі Таалатбек Масадықов атқармақ. Осылайша ол бас хатшы қызметін қазір атқарып отырған Қазақстан өкілі Иманғали Тасмағамбетовті алмастырмақ. Бұл жөнінде Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковқа сүйенген ТАСС жазды.

Таалатбек Масадықов қазір бас хатшының орынбасары қызметін атқарып жүр. Бірқатар процедурадан кейін қаңтардан бастап секретариат жетекшілігін қолға алады.

Ушаковтың сөзінше, 27 қарашада Бішкектегі саммитте Тасмағамбетов аймақ қауіпсіздігі жөнінде баяндама жасайды, одан кейін оған ҰҚШҰ-ның бірінші дәрежесіндегі құрмет белгісі тапсырылмақ. Басшылықты ауыстыру тараптармен келісіліп қойған.

ҰҚШҰ бас хатшысы қызметін Иманғали Тасмағамбетов 2023 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді. Оның өкілетін 2025 жылы 31 желтоқсанда аяқталады.

Өткен аптада Тасмағамбетовтің украиналық "Бітімгер" базасына енгізілгені белгілі болды. Сайтта Тасмағамбетовтің "Ресейдің Украинаға басқыншылығын толық қолдайтыны" және оның "Ресей қарулы күштеріне көмектесу үшін ұйымның әскерін жіберуге дайын болғаны" жазылған. Тасмағамбетовтің өзі әзірге бұл оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

ҰҚШҰ-ға бас хатшы болып келгеннен кейін жасаған оның "кремльшіл" кейбір мәлімдемелері Қазақстанда сыналған. Мысалы, ол биыл наурызда Еуропа өз әскерін Украинада шоғырландырса, ҰҚШҰ Ресейге әскери көмек көрсетуге дайын деп мәлімдеген. Қазақстанда Тасмағамбетовті "қазақтарды соғысқа тартуға тырысып жатыр" деп те айыптады. Өзін "ресейшіл" тұлға деп атағандардың сөзін Тасмағамбетов "бос әңгіме" деп атаған.

68 жастағы Иманғали Тасмағамбетов бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсында елде бірқатар жоғары лауазымды қызметті атқарды. Оны "Назарбаевтың мұрагері" ретінде де атағандар болды. Ол президенттің көмекшісі, мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігінің жетекшісі, Алматы мен Астана қаласының әкімдері, қорғаныс министрі, премьер-министр болды. 2019 жылы Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған ол зейнетке шыққан еді.

Талатбек Масадықов 2024 жылдың қаңтарынан бері ҰҚШҰ бас хатшысының орынбасары болған. 2022 жыл Қырғызстан президентінің арнайы уәкілі болып тағайындалған. 2017 жылы Қырғызстан президенттігінен үміткер болған. Дипломат, халықаралық қатынаста сарапшы БҰҰ-да шамамен 12 жыл істеген деп айтылады.

ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан кіреді. Армения былтыр ұйымға мүшелігін уақытша тоқтатқан. Бірақ ел ресми түрде ұйымнан шықпаған.