Дүйсенбі, 24 қараша күні Украина делегациясы Женевадағы сапарын аяқтады. Онда АҚШ-тың Ресей мен Украина соғысын аяқтау жөніндегі жоспары туралы келіссөз өтті. Украина президенті Владимир Зеленский сол күні кешке мәлімдеме жасап, келіссөз нәтижесінде АҚШ-тың бастапқы ұсыныстары Украина талабы ескеріле отырып өзгертілді деді. Оның сөзінше, бейбітшілік жоспарындағы тармақтар саны қысқарған. Бастапқы нұсқада онда 28 тармақ бар еді.
Зеленский жоспарды кей маңызды мәселелер әлі де талқыланатынын, ол үшін АҚШ президенті Дональд Трамппен жеке кездесетінін айтты. Бірақ ол кездесу қашан өтетінін, онда нақты тармақтар сөз болатынын хабарламады. Бірқатар баспасөз құралының хабарлауынша, қазір Зеленскийдің АҚШ-қа сапары талқыланып жатыр. Бірақ "Суспильне" басылымы өз дереккөздеріне сілтеп, бұл сапардың осы аптада болуы екіталай деп жазды.
Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт дүйсенбінің кешінде мәлімдеме жасап, Вашингтон бейбітшілік орнату жөніндегі ұсыныстарға оптимистік көңіл-күймен қарап отыр деді. Оның сөзінше, жоспардағы тармақтардың басым бөлігі мақұлданған, ал Украинамен келіссөз көбіне сөздің тұжырымдалуы жайлы болған. Левитт жетістікке жету үшін екінші тараптың, яғни Ресейдің де келісімі керек деп қосты.
"Барлығы көрген" 28 тармағы бар бейбітшілік жоспары қазір жоқ, тармақтардың бір бөлігі алынды, қалғандары түзетілді. Бұл туралы 23 қараша күні өткен Женевадағы келіссөзді қорытындылап Украина президентінің офисі жетекшісінің кеңесшісі Александр Бевз мәлімдеді. Оның сөзін украин басылымдары жазып жатыр.
"Украина АҚШ-пен ұсынылған жоспардың әрбір тармағын талқылады... бірде-бір ұсыныс Украина тарапанынан реакциясыз қалмады" деп келтірді БАҚ Бевздің сөзін.
Financial Times газеті өз дереккөздеріне сілтеп, жоспардағы 28 тармақ 19-ға дейін қысқарғанын жазды. Бірақ басылым нақты қай тармақтар қысқарғанын, қалай өзгергенін хабарламады. Түзетілген жоспар әлі жарияланбады.
Еуроодақ жоспары
Дүйсенбі күні Зеленскийдің мәлімдемесіне дейін Еуроодақ басшылары әзірлеген ұсыныстар жарияланды. Ол ұсыныстар бастапқы 28 тармаққа негізделген, бірақ кейбір тармақтарын түрлендірген. Ол бойынша, даулы аумақтар жөніндегі келіссөздер қазіргі қарсылас екі тарап тоқайласатын шептен басталуға тиіс дейді. АҚШ ұсынып отырған нұсқада осы сызықтың бойымен тек Херсон және Запорожье облыстарын бөлу ұсынылса, Қырым, Луганск және Донецкіні іс жүзінде Ресейге тиесілі деп тану қарастырылған. Еуропалық жоспарда Украинаға НАТО-ға кіруге тыйым салынбайды, бұл шешімді әскери альянс өз ішінде консенсус арқылы шешеді. Ал Ресей активтері Мәскеу Киевке келтірген залалын өтегенше бұғаттаулы күйде қалады.
Бірақ әзірге Еуроодақ ұсыныстарының қайсысы бейбітшілік жоспарының кейінгі нұсқасына енгені белгісіз. Дүйсенбіде Женевадағы келіссөздер жайлы пікір білдірген Еурокеңес басшысы Антониу Кошта жиын кезінде елеулі прогресс жасалғанын, бірақ кей мән-жайлар мақұлданбағанын мәлімдеді. АҚШ пен Украинаның ортақ мәлімдемесінде де осылай айтылған.
Дүйсенбіде Анголада Еуроодақ елдері басшыларының бейресми кездесуі өтті. Анголаға Африка елдерімен саммит өткізуге келген Еуропа басшылары Украинадағы соғыс жайлы арнайы кездесу өткізген.
Кремльдің реакциясы
Дүйсенбіде Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков АҚШ-тың бейбітшілік бастамасы туралы пікір білдірді. Оның сөзінше, Мәскеу АҚШ бейбітшілік жоспарының "бір нұсқасымен" танысқан, бірақ ол туралы егжей-тегжейлі келіссөз болмаған. Ушаков бұл жоба әлі Ресей, Украина, Еуропа және АҚШ тарапынан өзгеріске ұшырайтынын айтты.
Владимир Путин көмекшісінің сөзінше, Мәскеу АҚШ жоспарындағы көптеген ұсынысты қисынды деп санайды, ал Еуропа жоспары "Ресейге келіңкіремейді".
24 қараша күні Владимир Путин Түркия президенті Режеп Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен. Кремльдің осы сөйлесу туралы баспасөз хабарламасына қарағанда, Путин АҚШ ұсыныстары Аляскадағы АҚШ-Ресей келіссөздерінің бағытына сай әзірленгенін, ол жоспар бейбітшілік орнатудың негізі болуы мүмкін екенін атап өткен.
Бейбітшілік жоспары жайлы
28 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспары БАҚ бетінде өткен аптада пайда болды. Кейінірек АҚШ бейбітшілік жөнінде бастама барын растап, баспасөз құралдары жариялаған құжат түпнұсқа екенін растай қоймады. Конгресстің кей өкілдері бұл жоспарды әзірлеуге Ресей қатысқан болуы мүмкін деп күдіктенді. Бірақ Мемлекеттік департамент мұны үзілді-кесілді жоққа шығарып, жоспарды АҚШ‑тың өзі әзірлегенін, онда Ресейдің де, Украинаның да талаптары ескерілгенін айтты. Женевадағы келіссөзге АҚШ, Украина, Еуроодақ және Еуропадағы көшбасшы елдер қатысқан. Бұл кездесу АҚШ жоспарын талқылауға, Еуроодақ пен Украинаны алаңдатқан мәселелер бойынша мәмілеге келуге арналған. Еуроодақ пен Украина жер мәселесінде Ресейге жол беру туралы ұсынысқа, Украина әскерін шектеуге, Украинаның НАТО-ға кіруден бас тартуына қарсы шыққан.