24 қарашада кешке Алматы - Бішкек тас жолының 65-шақырымында жол апаты болып, алты адам қаза болды. Алматы облыстық полиция департаментінің алдын ала ақпараты бойынша, 23 жастағы Audi жүргізушісі рөлді басқара алмай, Toyota көлігімен соқтығысқан.
"Жол апатының нәтижесінде екі жүргізуші және үш жолаушы алған жарақаттан сол жерде қаза болды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жекізілді, алайда дәрігерлердің күш салуына қарамастан ол медициналық мекемеде қаза болды. Бұған қоса, бес жолаушы түрлі жарақат алған, олар дәрігерлердің бақылауында" деп жазылған Алматы облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.
2022 жылы – 2425 адам;
2023 жылы – 2543 адам;
2024 жылы– 2579 адам қаза болған.
Биыл күздің өзінде Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар саны ондаған адамға жетіп отыр. 4 қараша күні Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жолда көлік апаты салдарынан бес кісі қаза тауып, бір адам зардап шекті. 23 қазан күні Ақтөбе өңірінде Самара-Шымкент бағытындағы жолда жүк көлігі мен "Газель" автомобилі соқтығысқан. Апат салдарынан 12 адам мерт болды, арасында кәмелетке толмаған екі бала бар. 3 қазанда Абай облысында Омбы-Майқапшағай тас жолында болған жол апатынан 4 адам көз жұмды.