Accessibility links

Алматыда Дорофеев сыйлығы тапсырылды


Медиақұрылтайдағы сөз бостандығына арналған сессия. Алматы, 27 қараша 2025 жыл.
Медиақұрылтайдағы сөз бостандығына арналған сессия. Алматы, 27 қараша 2025 жыл.

27 қарашада Алматыда медиа нарығындағы мәселелерді талқылауға арналған жыл сайынғы “Медиақұрылтай” өтті. Құрылтайдың тақырыбы – “Медиа нарық: зорайған қатер немесе мүмкіндік аймағы ма?”.

Шара кезінде елдегі сөз бостандығы ахуалы, журналистерге қысымның үдеуі, "ЛГБТ насихаты" туралы заңның журналистикаға тигізер әсері, "Масс-медиа туралы" жаңа заң, журналистерге ақпараттық шабуылдың үдеуі және өзге мәселелер айтылды.

"Құқықтық медиаорталықтың" заңгері Гүлмира Біржанова елде ақпарат құралдарына қарсы істер көбейгенін, бұған БАҚ туралы және онлайн платформалар туралы жаңа заңдар да әсер еткенін атап өтті. Ол өз сөзінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Азаттық радиосы арасындағы сотқа да тоқталды.

Бұған дейін Азат Еуропа / Азаттықтың Қазақ қызметі 16 тілшіге аккредитация бермеген Қазақстан сыртқы істер министрлігі үстінен сотқа шағым түсірген еді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық журналистері аккредитациясы болмаса да жұмыс істеп, заң талаптарын бұзды деген. Ал Азаттық аккредитация беру туралы өтінішті уақытында берсе де, оны қарау мерзімін ведомствоның өзі негізсіз ұзартқанын айтқан. Бірінші инстанциядағы сот Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімін құптаған. Қазір апелляция жүріп жатыр.

Гүлмира Біржанованың айтуынша, апелляциялық шағымды қарау белгісіз себептермен 2026 жылдың қаңтарына дейін шегерілген. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін журналистерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырған.

Шара барысында елде тәуелсіз журналистер мен ақпарат құралдарының желідегі парақшаларының бұғатталуы немесе жойылуы мәселесі де айтылды. Жуырда журналистер Вадим Борейко, Асхат Ниязовтың Instagram парақшаларындағы жазбалар жойылған еді. Оның алдында тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың "Просто журналистика" арналары YouTube-тен негізсіз өшіріліп, қайта қалпына келтірілген еді.

Медиақұрылтай кезінде баспасөз құқығын қорғау ұйымдары бұл тұрғыда Meta, Google, Telegram, ТikTok сияқты өзге де алып компаниялармен диалогты тәуелсіз БАҚ-қа қысыммен күрестің бір жолы ретінде атады.

Бұған дейін елде "Республика" сайты бұғатталып, ақпарат министрлігі сайтқа 2012 жылғы сот шешімі негізінде шектеу қойғанын мәлімдеген. Ал басылым өкілдері бұрынғы "Республикада" домендік атау басқа болғанын айтып, шешіммен келіспеген. Құқық қорғаушылар мұны да БАҚ-қа қысым деп бағалады.

Бейсенбі күні медиақұрылтай кезінде баспасөзге үлес қосқан журналистер марапатталды. Михаил Дорофеев атындағы сыйлық Азаттық радиосынан Сәния Тойкенге және “Власть” сайтынан Тамара Ваальға берілді.

Тәуелсіз БАҚ өкілдеріне берілетін Михаил Дорофеев атындағы сыйлықты Қазақстан медиақауымдастығы тағайындаған және бизнес ұйымдар қаржыландырады. Сыйлық жоғары кәсіпқойлығымен көзге түскен журналистерге беріледі. Былтыр бұл сыйлық Protenge жобасының негізін қалаушы Жәмила Маричеваға берілген.

XS
SM
MD
LG