Accessibility links

Demoscope: қазақстандықтардың 60 пайызынан астамы ҚҚС көтерілгеннен кейін жағдайымыз нашарлауы мүмкін деп алаңдайды


Ілінген үлкен тудың маңынан өтіп бара жатқан халық. Көрнекі сурет.
Ілінген үлкен тудың маңынан өтіп бара жатқан халық. Көрнекі сурет.

Қазақстан халқының 60 пайыздан астамы жаңа жылдан кейін қосымша құн салығы өскеннен соң жағдайымыз нашарлауы мүмкін деп қауіптенеді. DEMOSCOPE қоғамдық пікірді зерттеу бюросының сауалнамасы осыны көрсетіп отыр.

2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін жаңа салық кодексі қосымша құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіруді қарастырады.

Билік қосымша құн салығын өсіруді экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік шығынды жабу мақсатында бюджетке түсетін түсімді арттыру қажеттілігімен түсіндірген. Алайда "DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі қоғам жаңа салық реформасын айтарлықтай күмәнмен қабылдағанын көрсетіп отыр" деп жазды сауалнама авторлары.

"Респонденттердің көпшілігі (жалпы 61,4%) салықтың көтерілуі өмір сүру сапасына кері әсер ететініне сенімді. Соның ішінде 32,4%-і салықтың көтерілуі өмір сүру деңгейін айтарлықтай нашарлатады деп санаса, 29%-і нашарлайды, бірақ қатты емес дейді. Ал респонденттердің 20,6%-і салықтың көтерілуі өмір сүру сапасына ешқандай әсер етпейтінін айтса, 9%-і ҚҚС көтерілуі айтарлықтай және аздап болса да өмір сапасын жақсартады деп есептейді" деп жазылған бюро хабарламасында.

Бюро өкілдерінің айтуынша, респонденттер қосымша құн салығы өскеннен кейін:

  • Тауар мен қызмет бағасы қымбаттайды (65,5%)
  • Орта және шағын бизнес субъектілерінің саны қысқарады (27,3%)
  • Жұмыссыздық артады (26,5%)
  • Көлеңкелі экономика мен салықтан жалтару күшейеді (19,6%) деп санайды.

Бюро өкілдерінің айтуынша, респонденттердің бір өбөлігі жаңа өзгерістің оң әсері туралы да айтқан.

Олардың ойынша, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімі артады (18,2%) және азаматтардың өмір сүру деңгейі көтеріледі (9,4%). Респонденттердің 12,6%-і реформа ешқандай өзгеріске алып келмейді деп санайды.

Сауалнамаға қатысқандар сонымен бірге ҚҚС көтерілуінің бизнеске әсері туралы да сұрақтарға жауап берген. "Көпшілігі (63,6%) кері әсер ететініне сенімді. 14,8%-і еш әсер етпейді десе, 10,3%-і оң әсер етеді деп ойлайды".

"Тағы бір маңызды көрсеткіш ҚҚС көтерілуі есебінен бюджетке қосымша салық түсімі түскен жағдайда мемлекеттің оны тиімді жұмсайтынына сенім деңгейі болды. Респонденттердің жалпы 55%-і мемлекетке сенбейтінін көрсетті: оның ішінде 41,6% сенбейтін болса, 14,6%-і сенбейтін шығармын дейді. Ал 32,5%, керісінше, мемлекетке сенеді: 22,5% сенетін сияқтымын десе, 12,7%-і толық сенеді" деп жазылған бюро хабарламасында.

Зерттеуге сәйкес, азаматтардың басым бөлігі қосымша құн салығын өсіргеннен көп жағдайда мемлекет (63,8%) пен дәулетті азаматтар (27,9%) ұтады деп есептейді.

Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер мен бизнес иелерінің 70,5%-і алдағы өзгерістерді қабылдамайды, осының өзі салық реформасының салдарына алаңдау жоғары деңгейде екенін көрсетеді дейді зерттеу авторлары.

Биыл шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексіне қол қойған. 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заң бойынша қосымша құн салығы 12%-дан 16% артады. ҚҚС бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі.

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосымша құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланған. Одан кейін оның межесі 40 млн теңге болып белгіленді.

Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.

XS
SM
MD
LG