Accessibility links

Депутат Бапи түрмедегі журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімге кіріп шыққанын хабарлады


Журналист Думан Мұхаммедкәрім сот залында жақтастарының сұрақтарына жауап беріп тұр. Алматы облысы, 2024 жыл.
Журналист Думан Мұхаммедкәрім сот залында жақтастарының сұрақтарына жауап беріп тұр. Алматы облысы, 2024 жыл.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қызылорда түрмесінде отырған журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімге кіріп шыққанын хабарлады. Айтуынша, 20 қарашада кезекті аштығын тоқтатқан. Депутат журналистің жүдеп, денсаулығы сыр бергенін айтады. Думан Мұхаммедкәріммен болған диалогтан мысал келтіреді.

"Еттің қашуынан екі бүйрегім төмен түсіп кетті. Белім сырқырайды. Асқазаным да ауырады..." дейді Думан. "ДУИС-тегілер бәріне өзі кінәлі, аштыққа бармаса, бұлай болмас еді деп отыр ғой..." деймін мен Думанға. "Менде наразылық білдірудің басқа қандай амалы бар? Өзімнің қарсылығымды осылай аштық жариялаумен ғана білдіре алам" дейді Думан" деп жазды депутат Facebook желісінде.

Оның сөзінше, Думан Мұхаммедкәрімнің өзін Алматы облысындағы колонияға ауыстыру туралы өтініші орындалмайды, себебі қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері журналистің "13 айыппұлы барын" айтқан.

Депутат одан камераға лақтырылған жарылғыш зат жөнінде де сұраған. Депутаттың сөзінше, журналист мұны өзінен емес, осы жағдайды тексергендерден сұрау керектігін айтқан. Ал түрме басшылығы "жағдай тексеріліп жатыр" деп айтып, мұны "қастандық деп бағалауға болмайтынын" атап өткен. Түрме әкімшілігінің өкілдері оқиғаны "бұл Думанның төңірегіндегі қоғамдық у-шуды қоздырудың әлдекімдер сырттан ұйымдастырған провокациялық әрекеті" деп бағалаған, алайда депутаттың жазбасында бұл жөнінде нақты мәлімет жоқ. Сол себепті "сырттан ұйымдастырғандардың провокациясы" туралы болжам сол күйі түсініксіз болып қалған.

Қазан айында құқық қорғаушылар мен адвокаттар Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығына алаңдап оған дереу медициналық көмек көрсетуді талап еткен еді.

"Думанның қуық безі, бауыры мен бүйрегіне суық тиген екен. Бауыры үлкейген. Толық мағлұмат болу үшін кешенді тексеріс керек. Ол оны алып жатқан жоқ. Денсаулығы әрине, кешенді емдеуді талап етеді" деген еді сол кезде адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Ал Ермұрат Бапи жариялаған ішкі істер министрлігінің жауабында "Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы қанағаттанарлық, ауруханаға жатқызуды қажет етпейді" деп жазылған.

Қазан айында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина журналист жарылғыш зат лақтыру оқиғасын тексеруді талап еткені үшін қоқан-лоқыға ұшырағанын да айтқан еді. Ал депутаттың жазбасында ол жөнінде ештеңе айтылмайды.

  • Былтыр тамызда Қонаев қаласының соты "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп айыпталған журналист Думан Мұхамедкәрімді кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің өзі бұл айыппен келіспейді. Ол соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялаған. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
XS
SM
MD
LG