26 қарашада Гонконгте бірнеше көп қабатты тұрғын үйде болған ірі өрттен 55 адам қаза болып, 270-тен астам адам із-түзсіз жоғалды. South China Morning Post (SCMP) басылымының жазуынша, 68 адам ауруханада жатыр, 16-сының жағдайы ауыр.
Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ғимараттан адамдар мен үй жануарлары эвакуацияланған.
Бүгін таңертең жеті ғимараттың төртеуіндегі өрт өшірілген. Тағы үшеуінде өрт жалғасып жатыр.
South China Morning Post (SCMP) басылымының жазуынша, кешендегі сегіз тұрғын үй блогына қайта жөндеу жұмыстары 2024 жылдың шілдесінен бері жүргізіліп келген, жөндеу жұмыстары кезінде бамбук пайдаланылған.
Полиция үш күдіктіні ұстады. Олардың арасында жөндеу жұмыстарына жауапты екі құрылыс компаниясының басшылары бар. "Қасақана емес адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылды.
Қала мэрі Джон Ли өртті "өте ірі апат" деді. 7 желтоқсанда өтуі тиіс болған сайлау кейінге шегерілуі мүмкін.
Алдын ала тергеу нәтижесі бойынша, полиция қызметкерлері өрт алаңынан тез жанып кететін пенополистиролды тапқан. Онымен әрбір қабаттағы лифтілердің терезелері жабылған. Соның салдарынан өрт тез таралған болуы мүмкін.
Оқиға орнында 26 өрт-құтқару тобы істеп жатқаны хабарланды.
27 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Қытай халқына көңіл айтып, жеделхат жолдады деп хабарлады Ақорда.