Accessibility links

Лукашенко Бакиевті Қырғызстанға экстрадицияламайтынын айтты


Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко Қырғызстанның биліктен кетірілген бұрынғы президенті Құрманбек Бакевпен қол алысып тұр. Минск, 6 тамыз 2019 жыл.
Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко Қырғызстанның биліктен кетірілген бұрынғы президенті Құрманбек Бакевпен қол алысып тұр. Минск, 6 тамыз 2019 жыл.

27 қарашада Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) саммитінен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко Беларусь бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті Қырғызстанға экстрадицияламайтынын мәлімдеді.

«Бакиев жақсы өмір сүріп жатыр. Оны сіздерге жібермейміз. Оған «ешқайда кетпеңіз, тек Беларусьте тұрыңыз» дедім. Ол жақсы өмір сүріп жатыр.... Ол маған «тым болмағанда әкемнің қабіріне барғым келеді» дейді. Қырғыз халқының өз президентіне әкесінің қабіріне баруға рұқсат бермеуі масқара жағдай. Мен бұл мәселені елдің қазіргі басшылығымен шешеміз деп ойлаймын» деді ол.

Құрманбек Бакиев 2005 жылғы 24 наурыздағы төңкерістен кейін билікке келді және 2010 жылғы 7 сәуірдегі халық толқуы кезінде биліктен қуылды, дәл сол кезде шамамен 90 адам қаза тапқан, ал Бакиев отбасымен бірге қашып кетті.

Сот Сәуір оқиғаларына байланысты 28 адамға, соның ішінде Бакиевке айып тақты. Бұрынғы президент пен оның үлкен ұлы Марат Бакиев сырттай 30 жылға бас бостандығынан айырылды, ал кіші ұлы Максим мен оның ағасы, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Жаныш Бакиев өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Құрманбек Бакиев тұсында премьер-министр болған Данияр Үсенов сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бакиев содан бері барлық сұхбаттарында айыптауларды жоққа шығарып келеді.

Осы жылдың сәуір айында Қырғызстанның Конституциялық соты 2010 жылы биліктен қуылған Құрманбек Бакиевтің адвокаты Икрамидин Айтқұловтың өтінішін қанағаттандырған. Сот қылмыстық іс бойынша сырттай сотталған адам өз еркімен немесе құқық қорғау органдарының әрекеттерінің нәтижесінде Қырғызстанға келгеннен кейін оның ісін оның қатысуымен қайта қарауға нақты мүмкіндік болуы керек деп шешті.

Бұл шешім Бакиевтің Қырғызстанға келетіні туралы әңгімені қайта жандандырды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев бұрынғы президенттің келген жағдайда бірден тұтқындалатынын ескертті.

Президент Садыр Жапаров бұған дейін Бакиевті Қырғызстанға қайтару бойынша келіссөз жүріп жатқанын және Беларусь билігі егер оның өз елінде тұтқындалмайтынына көзі жетсе, оны экстрадициялайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG