Маңғыстау облысындағы "Жалғызтөбемұнай" компаниясының ондаған қызметкері 2024 жылы шілдеде жасалған ұжымдық шарттың толық орындалуын талап етіп отыр. 25 қарашада жазылған видеомәлімдемеде олар ұжымдық шартта көрсетілген 3.8, 5.93 және 5.95 тармақтар орындалмай жатқанын, былтыр күзден бері еңбек инспекциясы, прокуратура, еңбек министрлігіне шағым жазғанмен ешқандай нәтиже болмай жатқанын айтады.
"Еңбек инспекциясы біздің дәлелдерімізді назарға алмай, ешқандай заңбұзушылық жоқ деп отыр. Бұл жұмысшылардың құқығын қорғауға тиісті органдардың өз міндетін орындамай отырғандығына дәлел. Біз ұжымдық шартта көрсетілген тармақтар әділ және толық орындалуын талап етеміз. Біз ешқандай қақтығыс, шиеленіс немесе бәле іздеп отырған жоқпыз. Тек әділдік, заңның орындалуы және еңбектің дұрыс бағалансын деп үндеу жолдап отырмыз" дейді жұмысшылар мәлімдемеде.
Азаттыққа сұхбат берген, қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атағысы келмеген мұнайшылардың бірінің айтуынша, жоғарыда аталған үш тармақ артық істеген жұмыс сағаттары үшін төленетін үстемақыға қатысты.
"Мысалы бізде артық жұмыс істеген жағдайда шартқа сәйкес бізге үстемақы төленуі керек. Мұны төлемей келе жатыр. Мысалы, айына 164 сағаттан асырып жасалған жұмыстар, кейде бізде 186 сағат шығып жатады, осы аралық уақытты бізге төлеуі керек, бірақ төленбейді" дейді ол.
Оның сөзінше, бұған қоса еңбек зияндылығына қатысты тармақтар да орындалып жатқан жоқ. Оның айтуынша, шартқа сәйкес, "окладтың" 10 пайызы төленуі керек, ал қазір төменгі жалақыға 1,3 пайыздық коэффициентті қосып, соның он пайызын ғана беріп отыр.
Видеомәлімдемеде олар мәлімдемені президент, еңбек министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі, прокуратураға бағыттап жазған.
26 қарашада Азаттық "Жалғызтөбемұнай" компаниясының заңгеріне хабарласып көрді. Алайда ол "жағдайдан хабарым жоқ" деп бас директорға сілтеді. Ал компания кеңсесінен жауап алу мүмін болмады.
"Жалғызтөбемұнай" мұнай компаниясының жұмысшылары былтыр да наразылыққа шығып, "жұмыстан заңсыз шығарылған мұнайшыларды жұмысқа қайта орналастыруды" және оларды қудаламауды талап еткен еді.
Жұмысшылардың сөзінде, Жалғызтөбе кен орнында 100-ден астам жуық адам істейді, басым бөлігі — қатардағы қызметкер. Кен орны Бозащы түбегінің солтүстік-батысында орналасқан. Облыс орталығы Ақтау қаласына дейін — 240 шақырым. Кен орны әкімшілік орны жағынан Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарайды.