Адам құқығын қорғайтын 30-дан астам халықаралық ұйым Қазақстан билігін елде тұрып жатқан ауған әйелдерін депортацияламауға шақырды. Құқық қорғаушылар оларды елдеріне қайтарған жағдайда қудалауға ұшырап, өмірлеріне қатер төнетінін ескертті.
Ұйымдардың мәлімдемесі 25 қарашада қазақстандық Адам құқығын қорғау бюросының сайтында жарияланды. Онда Қазақстан билігінің босқын мәртебесін алу бойынша өтінішті қараған кезде ауған әйелдеріне орындалмайтын талап қоятыны жазылған.
"Қазақстандағы қазіргі баспана беру рәсімі ауған әйелдерін іс жүзінде қорғансыз ететіндігіне қатты алаңдаймыз. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі баспана іздеушілерден елінде қудаланғаны жөнінде ресми құжат сұрайды. Мұндай талап өтініш берушілердің басым бөлігіне қиындық тудырады, оны Ауғанстан әйелдері мүлде орындай алмайды... Қазақстан билігі нақты "Талибанның" қудалағанына дәлел де талап етеді. Бірақ тәліптер белгілі бір себептермен өздерінің қылмысы жөнінде қағаз бермейді. Оған қоса, тәліптерге кім екеніңді айту немесе құжат алу үшін ауған елшілігіне бару әйелдердің басына тіке қатер төндіреді" деп жазылған мәлімдемеде.
Құқық қорғаушылар босқын мәртебесімен айналысатын Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін өтініштері қараған кезде осыны ескеруді сұрайды.
Мәлімдеме авторлары мәлімдемеде тәліптер билікке келгеннен кейін әйелдердің құқықтары өрескел бұзылып, оларға шектеу күшейгенін, елде некеге күштеп мәжбүрлеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, оқу мен жұмыс істеуге шектеу сияқты тыйымдар көбейгенін атап өтеді.
"Ресми статистика Қазақстанда босқын мәртебесін беру деңгейінің төмен екенін көрсетіп отыр. Гендерге байланысты ажыратылған деректердің болмауы әйелдердің шынайы жағдайын көрсетпей, олар бастан кешірген азапты көрінбейтіндей етіп тастайды. Мұндай жүйелік мәселелердің қазірдің өзінде салдарын көріп отырмыз. Құжатқа түсірілген бірнеше жағдайда Қазақстан билігі баспана іздеуші ауған азаматтарының жеке ақпаратын "Талибанға" берген немесе береміз деп қорқытқан. Олардың (өтініш берушілердің - ред.) кейбірі Батыс үкіметтерімен немесе ұйымдарымен әріптестік орнатқан және оларға ерекше қатер төніп тұр. Босқын мәртебесін сұраған көптеген ауған әйелдері әйелдердің құқығын ашық түрде қорғады және "Талибан" оларды күштеп некеге отырғызамыз, тіпті өлтіреміз деп қорқытқан. Қоқан-лоқы жөнінде дәлел келтірілсе де, оларға депортация қаупі төніп тұр" деп жазылған құқық қорғаушылардың мәлімдемесінде.
Құқық қорғаушылар Қазақстан билігіне ресми Астананың босқындарды қорғау және азаптауға қарсы халықаралық конвенцияларға қол қойғанын еске салады. Астананы ауған әйелдерін депортацияламай, оларға босқын мәртебесін беруді, қауіпсіз гуманитарлық шешімді халықаралық әріптестермен бірге іздеп, оларды үшінші елге өткізу жағын да қарастыруға шақырады.
Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, Қазақстанда шамамен 1 500 ауған азаматы бар, жартысына жуығы әйелдер мен балалар. Ал олардың босқын мәртебесін алу өтініштерінің басым бөлігі қабылданбаған: 2024 жылы 383 өтініштің тек 11-і ғана қабылданған.
Мәлімдеме Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бағытталған. Әзірге екеуі де реакция білдірмеді.
Бұған дейін Азаттық Азия Қазақстан билігінен босқын мәртебесін ала алмай, құқық қорғаушылардың көмегімен Еуропаға кеткен ауған әйелінің бастан өткергенін жазған.
Осыған дейін Ауғанстаннан Пәкістанға босып барған, ұлтымыз қазақ дейтін үш жүзден астам адам Қазақстан билігінен жәрдем сұрап, үндеу жариялаған еді. Олардың сөзінше, тамыздың басында Пәкістан үкіметі елде заңсыз жүргендерді депортациялау туралы шешім шығарған.