Accessibility links

Қытай санкцияға іліккен Ресей мұнайының орнына қазақ мұнайын алмақ. Қазақстан Ресейдің орнын баса ма?


Қытайдың Шаньси провинциясындағы, бұрын шикізатты ресейлік "Роснефть" компаниясынан сатып алып келген мұнай өңдеу зауыты Қазақстанмен келісімшарт жасасқан деп жазды Reuters. "Настоящее Время Азия" сарапшылардан Қытай Ресейден алып келген мұнай көлемін толықтай алмастыруға Қазақстанның шамасы жете ме және Ресейдің ірі мұнай компанияларына АҚШ салған санкциялар елге қандай жаңа мүмкіндіктер ашады деп сұрады.

ЭКСПОРТ 15% ӨСТІ

2026 жылғы қаңтар айында қазақстандық мұнайдың бір миллион баррелі Қытайдың Yanchang Petroleum компаниясына тиесілі мұнай өңдеу зауытына жөнелтілмек.

Yanchang Petroleum күніне 348 000 баррель шикі мұнай өңдей алады. Теңізден қашық жатқан Шаньси провинциясында орналасқан және үкімет қолдайтын зауыт бұған дейін шикізатты Ресейден алатын. Алайда АҚШ "Роснефть" компаниясына санкция салғанына байланысты зауыт мұнай алатын жерін өзгертуге мәжбүр болды.

Осылайша Yanchang Petroleum Батыс елдері Ресейдің ірі мұнай өндірушілеріне санкция салғаннан кейін, биыл қазан айында ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтатқан Қытайдың Sinopec тәрізді өзге мемлекеттік компанияларының қатарына қосылды.

Мұнай-газ саласы сарапшылары мұндай жағдай Қазақстанға Қытай нарығына мықтап орнығуға мүмкіндік беретінін айтады. Өйткені қазақ мұнайы сапасы жағынан Ресей мұнайына ұқсайды. Бірақ Қытайдың мұнай өңдеушілерінің қажетін толық өтеуге Қазақстанның шамасы жетеуі неғайбыл деді "Настоящее Время Азия" арнасына Алматыдағы Public Policy Research Center ұйымының басшысы Меруерт Махмұтова. Оның пікірінше, Yanchang Petroleum компаниясының бір миллион баррель мұнай сатып алуы – Қытай қолайлырақ жеткізуші іздеп тапқанға дейін жасалған бір реткі уақытша шара болуы мүмкін.

Экономист Меруерт Махмұтова
Экономист Меруерт Махмұтова

"Тоғыз айды қорытындылаған министр [ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов] биыл біздің экспорт 15 % өскенін айтты . Қазақстанның экспорты айтарлықтай консервативтік сипатта екені түсінікті, өйткені мәмілелер алдын ала жасалады және экспортты шексіз ұлғайта алмаймыз. Сондықтан Қытай нарығында ресейлік мұнайды толық алмастыра аламыз демес едім. Ондай нәрсе, менің ойымша, мүлде мүмкін емес", – деді ол.

Қазір Қазақстан Қытайға жылына шамамен 20 миллион тонна мұнай жеткізе алатын құбырмен мұнай жөнелтіп отыр. Мұның шамамен жартысы "Лукойл" мен "Роснефть" компанияларына санкция салынғанға дейін осы ресейлік компаниялардың үлесіне тиесілі еді.

Сарапшылардың пікірінше, орта мерзімді болашақта Қазақстан Қытайға жылына шамамен 9 миллион тонна мұнай жеткізетін болады. Ал тасымал бағасының жоғары болуы Қазақстанға құбыр желісін өз мұнайымен толтыруына кедергі келтіріп отыр.

САНКЦИЯЛАРДЫҢ ТИІМДІ ЖӘНЕ ТИІМСІЗ ТҰСТАРЫ

АҚШ Қаржы министрлігі биыл 22 қазанда Ресейдің ең ірі мұнай компаниялары – "Роснефть" пен "Лукойлға" қарсы санкциялар енгізді. 27 қазанда "Лукойл" OFAC берген қызметті тоқтату лицензиясына сәйкес, шетелдік активтерін сататынын жариялады.

Бұл шетелдік серіктестерге экспорт мүмкіндіктерінен бөлек өзге де мүмкіндіктерге жол ашты.

"Лукойл" компаниясының Қазақстандағы бірнеше мұнай өндіру кәсіпорнында үлесі бар: "Теңізшевройлдың" 5% акциясы, Karachaganak Petroleum Operating компаниясының 13,5% акциясы, "Қаламқас-теңіз – Хазар" жобасының 50%, Al-Farabi Operating жобасында да сол шамалас және Каспий құбыр желісі консорциумында 12,5% акциясы соған тиесілі.

Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, әлемдегі ең ірі газконденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақта "Лукойлмен" бірге Қазақстанның "ҚазМұнайГаз", мемлекеттік компаниясының, сондай-ақ Eni, Shell және Chevron компанияларының үлесі бар. Қазақстан ресейлік компанияның үлесін сатып алуы тиіс, сөйтіп елдегі кәсіпорындардағы үлесін көбейтеді дейді сарапшы.

Экономист Расул Рысмамбетов
Экономист Расул Рысмамбетов

"Әлемде мұндай ауқымдағы санкциялар алғаш рет енгізіліп отыр. Сондықтан келесі санкциялар кімге бағытталатыны және оның бізге қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Бірақ, жалпы алғанда, өз аумағындағы активті өзіне қайта сатып алуға берілген мүмкіндік – қалай болғанда да оң қадам болу керек. Алайда басқа инвесторлар мен акционерлер, соның ішінде шетелдік қатысушылар да барын ұмытпау керек", – деген Рысмамбетов.

Қазақстанның Энергетика министрлігі мемлекет "Лукойл" активтерін қайта бөлу процесіне араласуды жоспарлап отырған жоқ деп мәлімдеді. Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешев бұл – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы шаруашылық субъектілерінің мәселесі деп хабарлады.

Reuters агенттігінің жазуынша , шетел үкіметтері мен серіктестері "Лукойлдың" шетелдік активтерін "арзанға сатып алуды" көздеп отыр. Қазақстанда оны сатып алуы ықтимал ойыншылар қатарында агенттік "ҚазМұнайГаз" компаниясын атаған.

Санкциялардың тиімсіз жағы да бар: әсіресе "Роснефть" компаниясына қатысты шектеулер салдарынан Қазақстанның отын нарығы зардап шегуі мүмкін, өйткені осы уақытқа дейін ресейлік шикізатты сатып алушылардың бірі Қазақстандағы Павлодар мұнай-химия зауыты болған, дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.

"Роснефтьке" қарсы санкциялар Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға айдау процесін тығырыққа тіреуі мүмкін. Белгілі болғандай, "Роснефть" компаниясының Қытаймен Қазақстан аумағы арқылы жылына 10 миллион тонна мұнай жеткізу жөнінде ұзақ мерзімге жасасқан келісімі бары белгілі. Қазақстан осы транзит есебінен ақша табумен қатар, Павлодар мұнай өңдеу зауытын Сібір мұнайымен қамтамасыз етіп отыр", – деді Жұмағұлов.

Рысмамбетов ресейлік мұнай компаниялары Қазақстан заңы аясында жаңа кәсіпорын құрып, қазіргі қазақстандық активтерін сол компанияға өткізуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. АҚШ билігі оған қарсы болмауы да мүмкін, өйткені санкциялардың негізгі мақсаты – Ресей бюджетінің кірісін азайту, ал мұндай жағдайда салықтардың бәрі Қазақстан бюджетіне түсетін болады.

Ресейлік "Лукойл" және "Роснефть" компанияларына салынған санкциялар күшіне енді еніп жатқандықтан жақында оның әсері одан әрі қатты білінуі мүмкін.

Қарашаның алғашқы жартысында Ресейдің мұнай өнімдерін теңізбен экспортқа шығару күніне 1,7 млн баррельге дейін төмендеді – бұл Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағалы бері байқалған ең төменгі көрсеткіш. Bloomberg талдаған Vortexa компаниясының деректеріне сәйкес, бұл деңгей 2022 жылғы ақпанда тіркелген көлемнен шамамен екі есе аз. Ресей мұнайын теңізбен экспорттаудан түсетін қаржы да кейінгі 2,5 жылдағы ең төменгі шамаға дейін қысқарған, бұған қоса Urals маркалы мұнай бағасы да күрт құлдыраған: ол кейінгі екі жарым жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша , қазір оның бір баррелін 36,6 доллардан сатып алып жатыр.

XS
SM
MD
LG