Accessibility links

Рудныйда көше атын өзгерту туралы жиында дөрекілік танытқан тұрғынға айыппұл салынды


Қостанай облысындағы сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет.
Қостанай облысындағы сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет.

Қостанай облысы Рудный қаласында көше аттарын өзгерту мәселесі талқыланған қоғамдық тыңдау кезінде дөрекілік көрсеткен тұрғынға айыппұл салынды. Жергілікті тұрғын "қаланың өзі совет одағының арқасында пайда болғанын айтып, советтік атаулардан арылу туралы шешіммен" келіспеген еді. Оның видеодағы сөзін желіде сынағандар көп болды.

"Ешкім де жаңа көше, жаңа ғимараттар салуға, оларды қазақша атауға қарсы емес. Әлия Молдағұлова да сол заманның өкілі екенін ұмытып бара жатсыздар. Сондықтан көше атауларын өзгертуге қарсымын" деген еді ол.

Оған қоғамдық тыңдауды ұйымдастырушылар "регламентті сақтауыңызды сұраймыз" деген кезде ол "регламенттеріңе түкіргенім бар" деп ашуланып залдан шығып кетті.

Тыңдаудан кейін қалалық мәслихаттың төрағасы полицияға жүгініп, шара қолдануды сұраған. Нәтижесінде "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша кінәлі танылып, әйелге 78 мың теңге (20 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынған.

"Ол дөрекі, бейәдеп сөздер қолданды. Осылайша қатысушыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғам тәртібін бұзған. Әкімшілік сот оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салды. Полиция азаматтарды қоғамдық шараның ережелерін сақтауға шақырады" деді жергілікті полиция өкілдері. Оның сөзінен Orda үзінді келтіреді.

Бұған дейін жергілікті мәслихат пен тұрғындар қаладағы "50 лет Октября" көшесін – Достық, Ивана Франко көшесін Әлия Молдағұлова деп өзгерту туралы шешімді қолдаған еді. Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақытта елде мыңдаған көше, елді мекен атауы өзгерген.

XS
SM
MD
LG