Accessibility links

Тоқаев аудан әкімін сайлау жүйесі алынып тасталуы мүмкін екенін айтты


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде аудан әкімін сайлау жүйесі алынып тасталуы мүмкін екенін айтты. Ол мұндай жүйенің “тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды” тапсырды.

«Аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. … Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн” деді Тоқаев 28 қарашада Астанада өткен ауыл әкімдерінің жиынында.

Айтуынша, осыған дейін аудан әкімдерін тіке сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланған.

"Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек" деді ол.

Бір күн бұрын мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аудан әкімін тіке сайлауды уақытша кідіре тұруды ұсынған еді. Ол мұндай жүйенің тиімділігі әлі дәлелденбегенін айтып, кейбір кезде сайланған әкімдер "бір жылдан кейін қызметін тастап кеткенін" айтқан.

Оның айтуынша, биыл алты аудан әкімі және бір облыстық маңызы бар қала әкімін сайлау өткен. Оған мемлекет бюджетінен шамамен 1 млрд теңге қаражат кеткен. Депутат сөз арасында әкімдердің қызметтік мүмкіндіктерінің шектеулі екені де мәселе болып отырғанын айтты.

"Аудандардың дамуы негізінен облыстық қаржыландыруға тәуелді. Сол себепті олар өздерінің уәдесін орындай алмайды. Бұл сайлау процесіне деген халықтың сенімін төмендетеді" деді депутат.

Жұма күні Тоқаев шарада сөйлеген сөзінде ел аумағында жалпы 2 334 ауыл әкімі сайланғанын айты.

“Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар” деді ол.

Ол ауыл әкімі сайлауын "мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам" деп атады.

Мемлекет басшысы "жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкімдеріне сенетіні анықталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жалғасын табады» деді. Азаттық ашық дереккөздер арқылы осы сауалнама жөнінде ақпарат іздеп көрді, алайда таба алмады.

Қазақстан билігі ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін іле-шала аудан мен облыстық маңызы бар қалалар әкімін тікелей сайлауға өтетінін айтқан. Астана мұны биліктің бір орталыққа шоғырлануының алдын алатын шара деп атаған: аймақтар күшейіп, халық әкімді өзі таңдайды. Бұған дейін кейбір аумақтарда ауыл және аудан әкімдерін сайлау кезінде тәуелсіз кандидаттар тіркеле алмай қалғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG