21 қараша күні Алматы облысы Ұйғыр аудандық соты тергеу тарабының өтінішін орындап, 18 адамға бұлтартпау шарасын қолдануға шешім шығарған: он үші изоляторға қамалған, бесеуін үйқамақта ұстауға пәрмен берген. Бұл азаматтардың бәрі бұған дейін "Қытай туын өртегені" үшін әкімшілік жазаға тартылғандардың ішінде болған. Осының алдында 12 адам әкімшілік қамауда отырып шықса, алтауына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған еді. Әкімшілік қамау мерзімі аяқтала бергенде полиция олардың үстінен қылмыстық іс ашпақшы екенін білген. Мұның себебін өздеріне ешкім түсіндірмеген.
Азаттықтың қолына түскен тергеу сотының қаулысында олардың бәрі Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деп аталатын 174-бабының 2-тармағында көрсетілген қылмыс әрекетіне күдікті саналатыны жазылған. Кодексте ондай қылмыс жасағандарға бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"ҚЫТАЙ ТУЫ МЕН БАСШЫСЫНЫҢ СУРЕТІН ӨРТЕДІ"
Алматы облысы Ұйғыр аудандық сотына түсірген іс материалында аудандық полиция бөлімінің тергеушілері былай деп жазған:
"2025 жылғы 13 қараша күні сағат 14:15 шамасында Ұйғыр ауданы аумағында (Қалжат өткізу пунктіне жетпей тұратын жолайрықта) тіркелмеген "Нағыз Атажұрт еріктілері" қозғалысының 19 жақтаушысының жиналғаны анықталған. Олар ҚХР басшысының суреті мен туын өртеп, ҚХР билігінің ҚР азаматы Ә.Тұрғанбайды ұстауына байланысты наразылықтарын білдірген».
Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің тергеушісі М.Оразғазыев "Қытай туы мен басшысының суретін өртеген" бір топ адамның қылығын 174-баптың 2-тармағында көрсетілген ауыр дәрежелі қылмыс санатына жатқызып, соттан оларды іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін, яғни 2025 жылғы 30 қарашаға дейін 10 күн қамауда ұстауға санкция беруді сұрап өтініш түсірген. Аудан прокуроры қолдау білдірген тергеушінің бұл өтінішін судья Бауыржан Жақсыбаев қанағаттандырған.
Сот он күнге уақытша ұстау изоляторына қамауға шешім шығарған адамдардың арасында Нұрданқазы Марғұлан, Беделхан Қабіләшім, Бейсенәлі Ақжігіт, Тұрдыбай Қанат, Нұркелді Нұрсапа, Ерғали Нұрлыбаев, Ербол Нұрлыбаев, Еркінбек Нұрақын, Бақытнұр Нұрмұқан, Байқазы Батылбек, Тұрсынбек Қаби бар. Ал Бақытжан Шұғыл, Гүлнар Шаймұрат, Гүлдария Шеризат, Нәзигүл Мақсұтхан мен тағы бір адам үймақаққа алынған.
Ұйғыр аудандық полиция бөлімі тергеу ісінің құпиялығын алға тартып, күдікті ретінде істері сараланып жатқан адамдарға байланысты Азаттыққа ақпарат беруден бас тартты.
"ҚЫЛМЫС ҚҰРАМЫ ЖОҚ"
Қазақстан соты Қытай туын өртеген белсенділерді он күнге қамауға санкция шығарды. Акцияға қатысқандардың 13-і он күнге қамалса, бесеуі үйқамаққа алынды. Естеріңізде болса, 13 қараша күні тіркелмеген "Атажұрт" ұйымы Алматы облысында Қытай туы мен Қытай коммунистік партия төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап, наразылық білдірген.
Акциядан кейін полиция "Алауыздық қоздыру" бабы бойынша іс қозғап, 12 адамды әкімшілік қамауға алған. Алты адамға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Қамау мерзімі аяқтала бергенде полиция жауапқа тартқан әкімшілік бапты қылмыстыққа өзгерткен. Мұның себебін сотталушылардың өзіне түсіндірмеген. Бірақ Азаттықтың қолына түскен сот қаулысында сотталушылардың бәріне қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы бойынша күдікке ілінгені айтылған.
"Алауыздық қоздыру" бабы бойынша күдікке ілінген 18 адамның бесеуінің құқығын қорғап жатқан адвокат Шынқуат Байжанов сот отырысы 27 қарашаға қараған түнде өткенін, бірақ тергеу болмағанын айтты. Оның сөзінше, сот әйелдерді үйқамақта қалдырып, ер адамдарды бірнеше изоляторға бөліп қамаған.
– Қазір қамауда отырғандардың ешбірінен жауап алынбаған, ешқандай сараптама жасалмаған. Мына 174-баптың дәлелдемесі – сараптама қорытындысы болуға тиіс. Ал тергеуші я прокурор – сарапшы емес. Яғни бұл жерде осындай сараптама қорытындысы жоқ болса да оларды жауып тастаған. Бұл барып тұрған заңсыздық. Бұл жерде саясат араласып отырғандықтан ешқандай заң сақталмайтыны белгілі ғой, – деді адвокат Азаттыққа.
Байжанов қамауға алынғандардың іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ дейді.
"174-бапта "ту өртеу – қылмыс" деген түсінік жоқ", – деп түсіндірді ол.
13 қарашада тіркелмеген "Нағыз Атажұрт еріктілері" қозғалысының белсенділері Алматы облысындағы Қалжат шекара бекеті маңында қарсылық акциясын өткізген еді.
Қолына Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап шыққан бір топ адам Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, "түзету лагеріне" қамалған ұлты қазақ азаматтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап етті.
Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, сол елде ұшты-күйлі жоғалған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен. Туыстары Қытай полициясы ұстаған Әлімнұр Тұрғанбайға араша сұрап, бірнеше мәрте Астанаға арыз-өтініш жолдаған.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай берген ақпаратқа сүйеніп берген жауабында, 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шықпағаны, ал қос азаматтық екі елде де "заңсыз" екені айтылған.