Accessibility links

Зеленский Трамппен "тез арада кездесіп, бейбіт жоспарға қол қоюға дайын"


АҚШ президенті Дональд мен Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонда соңғы рет 17 қазанда жолыққан еді.
АҚШ президенті Дональд мен Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонда соңғы рет 17 қазанда жолыққан еді.

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен "барынша ертерек" кездесіп, бейбіт келісім жоспарына қол қоюға дайын. Бұл туралы Зеленский кеңсесінің басшысы Андрей Ермак америкалық Axios агенттігіне хабарлады.

Ермактың сөзінше, кездесу 27 қарашада, АҚШ-тағы Алғыс айту күнінде өтуі мүмкін.

Украина президентінің көмекшісі "Трамп пен Зеленскийдің арасында территория бойынша келіспеушілік барын, бұл мәселені екеуара талқылайтынын" айтады. Ермак сұхбатында бұрынғы 28 пункттен тұратын жоспар "Украинаға тиімді болмағанын" мәлімдеп, бұл жоспар өзгергенін жеткізді.

Ал Ұлыбритания премьері Кир Стармердің айтуынша, Зеленский Еуропа елдерінің лидерлерімен видеомен сөйлесіп, АҚШ ұсынған жоспардың басым бөлігімен келісетінін мәлімдеген.

Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт Соғысты аяқтау бойынша келіссөзде "бірнеше детальды реттеу қалғанын" айтты.

"Кейінгі аптада АҚШ бейбіт келіссөз бойынша Украина мен Ресейді келісім үстеліне отырғызып, алға өте үлкен қадам жасады. Келісімнің бірнеше шетін тұстары бар, бірақ оны да шешуге болады. Бұл мәселелерді шешу үшін Украина, Ресей және АҚШ келіссөз жүргізуі керек" деп жазды ол Х желісінде.

Америкалық CBS телеарнасы екі америкалық шенеунік пен екі дипломатқа сілтеп, сейсенбі 25 қарашада Абу-Дабиде АҚШ-тың әскер министрі Дэниел Дрисколл Ресейдің ресми өкілдерімен кездескенін жазды. Бұл кездесу жайлы дереккөздеріне сілтеп, Reuters агентігі де хабарлады. Агенттіктің дереккөзі "Дрисколл Абу-Дабиде Украинаның ресми өкілдерімен жолыққанында" айтқан.

28 ПУНКТТЕН ТҰРАТЫН ЖОСПАР ҚАНДАЙ ЕДІ?

Өткен аптада АҚШ президенті Трамптың әкімшілігі 28-бөлімшеден тұратын бейбіт келісім жоспарын ұсынған. Ол жоспарға сай, Украина Донецк, Луганск облысын Ресейге беруі тиіс. Киев әскерінің санын 880 мыңнан 600 мыңға азайтып, Конституциясына НАТО-ға мүше болмайтынын енгізуі керек. Ал Ресейден санкциялар алынуы қажет. Құжатта Ресей Украинаға я Еуропаға шабуыл жасаса, АҚШ пен Еуропа әскери тұрғыда жауап беріп, Мәскеуге қайта санкциялар салынатыны айтылған еді. Бұл жоспарды жасауға Ресей де ат салысқан деген ақпарат тараған.

Бұл жоспар ресми түрде жарияланған жоқ, батыс басылымдары арқылы тарап кеткен. Киев те, Мәскеу де 28 бөлімшеден тұратын жоспардың барын ресми мәлімдеген.

Трамп әкімшілігі ұсынған бұл құжатты Киевтің жақтастары "Ресейдің ыңғайына келетін жоспар" деп сынға алған. Ал Украина президенті Зеленский жоспарды "қысым" деп, "біз өте ауыр таңдаудың алдында тұрмыз" деген еді.

Артынша, 23 қарашада Украина мен АҚШ делегациясы Женеваға жиналып, бейбіт жоспарды талқылады. Кездесуге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Украина президенті кеңсесінің басшысы Ермак қатысқан.

Марко Рубио (оң жақта) мен Андрей Ермак Женевадағы келіссөзден соң журналистерге сұхбат беріп тұр. 23 қараша 2025 жыл.
Марко Рубио (оң жақта) мен Андрей Ермак Женевадағы келіссөзден соң журналистерге сұхбат беріп тұр. 23 қараша 2025 жыл.

Бұл келіссөзден кейін екі тарап бірлескен мәлімдеме жасап, "Украинаны толық қорғау үшін", "28 пункттен тұратын жоспарды жаңартып, пысықтағанын" айтты.

25 қарашада Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамп ұсынған 28 пункттен тұратын жоспарды "соғысты аяқтауға негіз бола алатын құжат" деп атаған. Бірақ ол "бұл жоспар ендігі өзгеріп кеткен болуы мүмкін" деген еді.

XS
SM
MD
LG